ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТІРЛІГІ АТА ЗАҢНЫҢ АЯСЫНДА АЙҚЫНДАЛАДЫ
Қазақстан Республикасының Конституциясында: «Біз, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде…» деп жазылғандай, бес жарым ғасыр бұрын мемлекет құрған еліміздің, құқықтық жүйесі мен оның билер сотының болғаны баршамызға мәлім. Жаңа Конституцияның өзгешеліктеріне тоқтала кетсек. Біріншіден, заң шығарушы, атқарушы, сот билігі белгіленіп, олардың құзыреті, жұмыс істеу тетігі, өзара іс-қимыл бірлігі заң тұрғысынан айқындалды. Екіншіден, өкімет билігінің аталған тармақтарға бөлінуі мемлекеттің лауазымды адамдарының, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтауды міндеттейді. Үшіншіден, құқық пен жауапкершілік ұғымдары пара-пар көрсетілген.
Бұл Конституцияда алғашқы Конституцияда шешімін таппаған мемлекеттің мәні, жері, тілі, азаматтық, Парламенттің қос палаталы жүйесі, Президенттің құзыры, сот төрелігінің қызметі сияқты күрделі мәселелер заңдылық тұрғысынан өз шешімін тапқан. Соттар мен сот төрелігіне ерекше мән берілген және негізгі қағидаттары белгіленген. Олар: елімізде сот төрелігін тек қана сот жүзеге асырады, оның ісіне араласушылыққа жол берілмейді, сот төрелігін іске асыруда судья тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады.
Қазақстанның құқықтық мемлекет орнатып, әлемнің өркениетті елдерімен жан-жақты экономикалық-саяси тең дәрежеде қарым-қатынас қалыптастырып, ауқымды реформаларды жүзеге асыру жұмыстарының барлығы да Ата Заңның аясында атқарылды. Солардың қатарында, еліміздегі тәуелсіз сот пен басқа да құқықтық институттарды құру жұмыстары да болды.
Елімізде заңдарды бұлжытпай орындаудың нәтижесінде халқымыздың бірлігі нығайып, елдегі тұрақтылық пен татулық орнықты. Осылайша бекітілген конституциялық нормалар қоғамның өркендеуіне үлес қосып және Қазақстан халқының бірлігіне жол бастап, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Бұл Конституция – қазақстандық мемлекеттіліктің тиімді дамуын қамтамасыз еткен заңның үстемдігі мен сәтті мемлекет саясатының іске асырылуының жарқын көрінісі деп айтуға болады.