ЕЛДЕ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ТҰРҒЫЗҒАН ЕЛБАСЫ

Елімізде дамудың өзіндік жолы таңдалса да мемлекет тәуелсіздігінің мүдделері өзімен бірге шешілуі қиын мәселелердің де тұтас тобын алға тартты. Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолындағы басты кедергілердің бірі тоталитарлық жүйе кернеуінің тәуелсіз ел мүдделерімен қиыса бермейтіндігінен де болып жатты. Бұрынғы жүйенің елесі мемлекет пен қоғам өмірінің көптеген қырларынан белгілі бір дәрежеде көрініс беріп те жатты. Мұның өзі шаруашылық жүргізу мен басқарудың ескі тәсілдеріне бой ұрушылықтан ғана байқалып қойған жоқ, халықтың басым бөлігінің бойға біткен енжарлығынан, «өкімет асырайды» дейтін бұрынғы пиғылынан да танылып жатты. Көзге көріне бермейтін бұл кедергілерді де Елбасының байсалды саясатының арқасында жеңіп, еңсере білдік.

Ел тәуелсіздігінің баянды болуы мен болашақтың кемелділігін қамтамасыз ету жолындағы Тұңғыш Президентке артылар жүк те ауыр болды. Артылған жүкті абыроймен көтеру, халық сенімін ақтау, тәуелсіздікті тұғырлы ету, әлемдік қауымдастыққа терезесі тең елдер қатарында болуды жүзеге асыру одан да қиынырақ істерді атқаруды, батыл шешімдер қабылдауды қажет етті. Осы аталған аса маңызды мақсат, міндеттерді шешу тұрғысында Елбасы Н.Назарбаев бірден-бір дұрыс қадам жасай алды. Бұл қадам – тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен қалана бастаған Қазақстанның өзіндік даму жолы еді. 

Бұл жол тек экономикалық үлгіні таңдаудың, жалпы конституциялық ережелерді қабылдаудың, президенттік күшті билікті орнықтырудың ғана емес, сонымен бірге саяси режимді, инфрақұрылымды және конфессионалдық қатынастарды қамтудың да саяси үлгісі болатын. Қазіргі уақытта бұл үлгі дүниежүзінде, беделді халықаралық ұйымдарда және республикамыздың өзінде де аса жоғары бағаланып отыр. Қазақстанда отыз жылға таяу уақыт бойы этникалық және діни өзара түсіністіктің сақталуы көп жағдайда қазақстандық жолдың мәртебесін арттыра түседі. Бұл жолдың оңтайлы шешілуінің және тиімділігінің Қазақстан Президентінің атымен байланыстырылуы да қазақстандық қоғамның Ұлт Көшбасшысының төңірегіне одан әрі топтаса түсу қажеттілігін айқындайды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалыптастырған дамудың қазақстандық жолы ең әуелі тұрақты әрі әлеуетті экономика құрып алмайынша қоғамдық-саяси дамудың баяу жүретінін және оның ауырға соғатынын бүгінгі күнгі кейбір елдердегі ахуал да дәлелдеп отыр. Саясаттың алға шығып кетуі экономикада және халықтың әл-ауқатын көтеруде қиыншылықтар келтіріп, халықтың жаппай наразылығын туғызғанын, елді тұрақсыздыққа әкеліп соқтырғанын және солай болатынын тарих та алға тартып келеді.

Отыз жылда қол жеткен табыстар осындай болса, Еліміздің келешегінің жарқын болатынына сенім мол. Осы ретте белгілі украин ақыны Иван Драчтың: «Назарбаев біздің осы уақытқа дейінгі барлық президенттерімізден артық, егер Назарбаев біздің президент болса, Украина бақытты республика болар еді», – деген сөзін айта кеткіміз келеді. Міне, мұның Елбасының еңбегіне берілген лайықты баға екені даусыз.

ИСАМУДДИН РЫСБАЙ.