ЛАТЫНҒА КӨШУГЕ ХАЛЫҚ БОП АТСАЛЫСАЙЫҚ
Қазақ әліпбиі бұрынғыдай құранды емес, таза төл дыбыстар болып түзіледі, қазақ сөзінің үндесім (сингармонизм) әуезіне нұқсан келтірмейтін болады, қазақ сөзінің морфем құрамы дұрыс сақталатын болады, қазақ сөзінің буынға бөлу реті орнына келеді, соның нәтижесінде тасымал сетінемейтін болады. Осы аталған жайттардың бәрі бүгінгі кирилл мәтінімізде қазақ тілінің өзіндік заңдылықтарын бұзып болған еді. Фонетика-грамматикалық ережелеріміз тіл табиғатымен үйлеспей, жаттанды күйге түскен болатын. Оқу-әдістемелік құралдар түсінікті ережелермен толығады, басы артық 40-тан аса емле-ереже жойылады.
Ол үшін қазіргі кирилл мәтінімізге «әліпби транскрипция» жасап алуымыз керек. Кірме таңбалардың орнына олардың қазақ тіліндегі дыбыс мәнін қойып алуымыз керек. Содан кейін барып латын әліпбиімен таңбалай бастауға болады. Егер қазақ мәтінін қазіргі кирилл күйінде латынша таңбалайтын болсақ, онда жазуымызды одан әрі бүлдіріп аламыз.
Ң дыбысының жазылымын да қатты ойландық және Һ-ты қосып таңбалап көрдік. Ол жағы көпшілікке ұнамады. Бәрінің ұсынысы оның халықаралық үлгісіне келіп тірелді. Сондықтан нг нұсқасын алдық. Бірақ қазақ тілінде бұл дыбыс қатысатын сөз көп, оның үстіне жазылымы бірдей, айтылымы өзгеше сөздер де аз болмай шықты. Мұның өзі жазуда да, сөйлеуде де қиындық тудыратыны сөзсіз. Дегенмен осы үлгіге тоқтап отырмыз, әрі қарай талқылау барысында қалай болатынын көре жатармыз.
Бұл таныстырылған нұсқа әлі жоба күйінде. Қазір бәріміз бұл нұсқа жөнінде сан алуан пікірді теледидардан, интернет ресурстардан көріп, оқып жатырмыз. Бұл жақсы ой. Халықтың мәдениетіміздің алтын арқауы – әліпбиімізге бейжай қарамайтынын байқадық. Бұл – еркіндіктің, айналайын тәуелсіздігіміз сыйлаған азаттықтың арқасы. Мамандар халықтың пікірін біліп, оларды жинастырып, сараптап, жүйелеп отыр. Ғылыми негізі бар пікірлер міндетті түрде ескеріледі. Бастысы – жаңа әліпби қабылдауға бетбұрысты батыл, шешімді қадам жасалғаны. Енді көп болып соны ұғынайық, атсалысайық!
Ғалым, марқұм Әлімхан ЖҮНІСБЕКТІҢ пікірінен үзінді