АСТАНА — ЕУРАЗИЯЛЫҚ ӨРКЕНИЕТ ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ БІРІ

Елорданы Алматыдан қазіргі Астанаға көшіру жаңа мемлекетіміздің өмір жолындағы маңызды белес болды. Астаналық мәртебе қаланың қазіргі заманғы саяси-әкімшілік, экономикалық, оқу-білім, мәдениет орталығы ретінде дамуына жаңа серпін берді. Жаңа астананың бой көтеруі – еліміздің жедел дамуына жол ашар жақсылықтың басы сияқты көрінеді. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін құру туралы Жарлық – жаңа астананың мәртебесін биіктетер игі істердің басы болды. Көпшілік күтпеген бұл шешім Ақмоланы қайта салу қызу жүріп жатқан кезінде, 1996 жылдың мамырында қабылданды. Сол қиын-қыстау жылдардың өзінде Елбасы жаңа астананы еуразиялық және ғаламдық ауқымдағы ірі халықаралық және ғылыми-ағарту орталығы етуді ойлайтын. Көп ұзамай, астананың басқа да жоғары оқу орындары – С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Қазақ мемлекеттік медицина академиясы (бүгінде – Астана Медицина университеті) ірілендірілді. Жаңа астана алғашқы күндерден бастап-ақ қазақстандықтарды өзіне тарта бастады. 1998 жылдың өзінде Астанаға 14 мың адам келді, одан әрі де қала халқының саны өсе берді. Астананың экономикалық рөлі күшеюінің маңызы ерекше болды. 1996 жылы Ақмолада арнайы экономикалық аймақ құрылған болатын. Астанаға инвестиция тартуға соның көп ықпалы болды. Тұрғын үй құрылысы жедел қарқынмен дамыды. Қала құрылысы жобаларына Түркиядан, Израильден, Италиядан және басқа көптеген елдерден келген инвесторлар белсене қатысты. Қазақстан компаниялары айрықша белсенділік көрсетті. 1998 жылдың 15 желтоқсанында, Тәуелсіздік күніне орай, жаңа астанада алғаш рет салтанатты жиын өтті. Сол жиында Н.Назарбаев: «Сәулет өнері шеберлерінің шығармашылық соны ізденістерінен туған өзіндік сипаты ерекше әсем ғимараттары арқасында Қазақстанның енді ғана бой көтерген астанасы қайталанбас келбетке ие болады», – деген еді. Көкейінде: «Астана еуразиялық өркениет орталықтарының бірі болады. Есілдің сол жақ жағалауында су жаңа қала – болашақтың қаласы бой түзеуі тиіс» деген ой тұрды.