ЕЛБАСЫНЫҢ ЕСІМІ ҰМЫТЫЛМАҚ ЕМЕС

Ауданымызға іс-сапармен бірнеше рет келген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мақтаарал – Оңтүстік Қазақстанның жүрегі», – деп жоғары баға берген болатын. Біздерге бұдан артық қандай құрмет керек?! Табиғаты көркем, жері шүйгін өңірде ұлт Көшбасшысының бір емес, бірнеше рет болуы осы себептен деп ойлаймын.

Расымен де, бүгінгі Түркістан облысының ең қиыр оңтүстік нүктесінде тұрған Мақтаарал – географиялық орналасуы мен басқару ерекшелігі өзгеше аудан. «Ақ мақтаны алтын қолдар өсіреді» демекші, біздің басты байлығымыз – «ақ алтын» мен алтын қолды адамдар.

Ұлы ойшыл, данышпан Цицерон: «Өзіңе дейінгі дүниеден хабарың болмаса, өмір бойы нәресте болып өтесің» деген екен. Өткенімізді еске алу – ерлік пен еңбекке толы ғұмырды еске алу. Сондықтан өткенімізден сабақ алып, жаңа құрылған ауданымыздың болашағын дұрыс бағытқа бағдарлау – мерекеміздің басты мақсаты. Міне, осы жолда мен де елдің азаматы ретінде тер төгіп, Мақтааралдың өркендеуі жолында еңбек еттім. Осы қажырлы еңбек жолымда Елбасымен кездесіп, ол кісінің мақталы өлкеге қатысты жоспарларын тыңдау мен үшін үлкен құрмет болды.

Бұл кездесу 1997 жылы орын алды. Осы жылы мақталы үш аудан – Асықата, Жетісай, Мақтаарал таратылып, олардың аумағында әкімшілік орталығы Жетісай қаласы болатын Мақтаарал ауданы құрылды. Егемендіктің алғашқы бесжылдығы аяқталып қана қоймай, сонымен бірге Қазақстанның жаңа сападағы алғашқы секіріске бел буатын кезеңінде өңірдің осындай өзгеріске қадам басуы тарихи сәт қой.

Өңірде айтулы оқиға орын алғанда мен аудандық мәслихат хатшысы қызметін атқарып жүрген болатынмын. Жиынды ұйымдастыру, кездесу өткізу маған тапсырылды. Жиын өтетін орын ретінде аудан орталығы – Жетісайдың орталық алаңы таңдалды. Біраз ауқымды дайындық жұмыстары жүріп, Тұңғыш Президенттің келуін асыға күттік.

1 қараша, 1998 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Жетісайға табан тіреп, елмен кездесті. Жиынды өзім ашып, жүргізіп отырдым. Әуелгі сөзді еңбегімен көзге түсіп, ерлермен таласа үздіктер қатарында жүрген мақта бригадирі Жұмакүл Сәуірбаева алып, өңірдегі «ақ алтын» өндірудегі шаруаларға тоқталып, Елбасына алғысын жеткізді. Содан соң Сарыағаш ауданының сол кездегі әкімі болған Жақсылық Арзымбетов және бірқатар қонақтар ізгі тілектерін жеткізді.

Жиын соңында қазақтың Тұңғыш Президенті сөз алып, бүгінгі тарихи сәттің маңыздылығына тоқталды. Сабырлы болмыс, салиқалы сөздер, тұщымды ойларын тыңдап отыра бергің келеді. Елдің қамын жеген осындай болар деп ой түйгенбіз сонда.

Жиын аяқталып, Елбасыны облыстан арнайы ілесе келген ел ағалары бастап жүріп, саябақты аралады, түрлі ойларды ортаға тастаудың куәсі болып едім. Ары қарай салтанатты рәсім өтіп, ол кісі шұғыл ұшып кетті.

Міне, менің Нұрсұлтан Әбішұлымен таныстығым, алғаш рет көруім осы болды. Талай жайттар да болған шығар. Десе де есімде бар қалғаны осы екен. Осы естеліктердің өзі мені қуантып, әлі күнге дейін шабыттандырады.

Енді менің айтпағым: қазақ халқы жасап тұрғанда Елбасының есімі ешқашан ұмытылмақ емес!

Бота ЖҰМАТОВ,

Елбасы замандасы,

Мақтаарал ауданының

Құрметті азаматы.