ҚАЗАҚСТАН — ДІНИ БЕЙБІТШІЛІК ОТАНЫ

2003 жылдан бастап Астана қаласында ұдайы өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съездері – Қазақстанның жаһандық гуманитарлық диалогқа қосқан маңызды үлесі.2011 жылдың қыркүйек айында БҰҰ төрінде сөйлеген сөзінде Елбасы діни форумдарды Біріккен
Ұлттар Ұйымының аясында өткізуді ұсынды. «Мен біздің заманымыздың көрнекті рухани қайраткерлерімен әлденеше рет сөйлестім. Олар бір ауыздан: «Қазақстан – әлемдегі мұсылмандар, христиандар, католиктер,
протестанттар, буддалықтар, иудалықтар тату-тәтті тұратын бірден-бір ел. Бұл – олардың бірге бас қосып, өз мәселелерін талқылайтын жалғыз орын», – дейді» деді Президент.

Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының IV съезі 2012 жылы 30–31 мамырда Астана қаласында өтті. Съезге әлемнің 40 елінен 85 делегация қатысты. Форумның басты тақырыбы – «Бейбітшілік пен келісім – адамзаттың таңдауы». Съезд жүріп жатқан кезде өзге де гуманитарлық форумдар мен ынтымақтастыққа бағытталған Дін көшбасшыларының кеңесі жұмысын бастады. IV съездің қорытындысы бойынша жарияланған Үндеуде дін
көшбасшылары бүкіл адамзатты болашақ өмір үшін өзара бірлікке, татулық пен бейбітшілікті сақтауға, әділдік пен жасампаздыққа шақырды.
Съезге қатысушылардың бірі – Израильдің Бас Сефард Раввині Шломо Қазақстанның конфессияаралық татулық пен толеранттылықты қамтамасыз етудегі күш-жігеріне жоғары баға берді. Оның сөзінше, бұл – бүкіл адамзат
үшін жарқын үлгі. «Қазақстан Президенті, – деді Шломо Амар, – жаңа БҰҰны құрды, ол тек халықтарды ғана біріктіріп қоймай, діндер мен мәдениеттерді де тоғыстырды».

2015 жылғы 10–11 маусымда өткен Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының V съезі бұрын-соңды болмаған құрамда болды. Астанада БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания королі Абдалла II, Финляндия президенті Саули Нийнисте, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Ламберто Заньер, ИЫҰ Бас хатшысы Ияд бен Амин Мадани және өзге де саясаткерлер, дін және қоғам қайраткерлері жиналды. Съезде барлығы 42 елден 80-ге
жуық делегация келді.
2010-шы жылдардың ортасына қарай күшейе түскен жаһандық шиеленіс пен әлемнің түрлі ошақтарында өршіген этностық және діни негіздегі жанжалдар жағдайында осы Форумның өткізілуі ерекше мәнге ие болды.
«Бейбітшілік және даму жолындағы діни және саяси қайраткерлердің диалогы» съездің негізгі тақырыбына айналды.

Съезд декларациясы әскери қақтығыстарды тоқтату, саяси қайшылықтарды күшпен шешуден бас тарту, державалар арасындағы сенімсіздікті жою, конфессияаралық алауыздық отын тұтатуға бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалануға жол бермеу мәселелерінде, сол сияқты аштық, жұқпалы індет, жұмыссыздықпен күресте діни және саяси қайраткерлерді күш біріктіруге шақырды.