ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ — БОЛАШАҚ ҮШІН ҚАБЫЛДАНҒАН ОҢ ШЕШІМ
Елбасымыз өз Жолдауында «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», деп атап айтқан болатын. Туған тіліміздің тамырына қан жүгіртіп, бабалардың аманат еткен тілін ұрпағына таза қалпында жеткізуге бастайтын ұлы бастаманы халқымыз сарыла күткен еді.
Ел ішінде латын әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселесі бойынша түрлі іс-шаралар өткізілді. Зиялы қауым өкілдерінің, тіл майталмандарының, тарихшылардың, ғалымдардың, сарапшылардың, жалпы бұқараның ой-пікірлері ортаға салынды. Латын әліпбиінің түрлі нұсқалары сараланды, әліпбиді жасау барысында қазақ тілінің дыбыстық жүйесінің сақталуы, сонымен қатар ғылыми принциптер негізге алынды. Әліпбиді тіл мамандары әлі де зерттеу үстінде.
2019 жылы балаларды қазақ әліпбиіне үйрету мақсатында 3 D форматтағы «IQdos» мультфильмі әзірленді, «Селтең сері» анимациялық фильміне латын әліпбиінде титр жасалды, мемлекеттік тілде дубляж жасалды. «Тіл-Қазына» орталығында жаңа әліпбидің орфографиялық ережелерін оқып-үйрену сыныптары ашылды. Оқу сыныптары курстар өткізу үшін қажетті жабдықтармен және техникамен жабдықталған. Аудиторияларда ғалымдармен, әдіскерлермен байланыс орнатуға, республика бойынша, сондай-ақ шетелде онлайн-семинарлар өткізуге мүмкіндік бар.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2019 жылғы 21 қазандағы латын графикасына негізделген бекітілген әліпбиді жетілдіру жөніндегі тапсырмасынан кейін орфографиялық жұмыс тобының ғалымдары бекітілген әліпбиді ғылыми-практикалық сынақтан өткізді. Латын графикасына негізделген 40-тан астам жоба қаралып, ғалымдар тарапынан әліпби жобалары авторларының тікелей қатысуымен талқыланып, талдау жасалды.
Төтенше жағдай кезінде бұл жұмыстар онлайн форматта жалғасын тапты.