ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТІРЛІГІ АТА ЗАҢНЫҢ АЯСЫНДА АЙҚЫНДАЛАДЫ

Қазақстан Республикасының Конституциясында: «Біз, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде…» деп жазылғандай, бес жарым ғасыр бұрын мемлекет құрған еліміздің, құқықтық жүйесі мен оның билер сотының болғаны баршамызға мәлім. Жаңа Конституцияның өзге­шеліктеріне тоқтала кетсек. Бі­рін­­шіден, заң шығарушы, атқарушы, сот билігі белгіленіп, олардың құзыреті, жұмыс істеу тетігі, өзара іс-қимыл бірлігі заң тұрғысынан айқындалды. Екіншіден, өкімет билігінің аталған тармақтарға бөлінуі мемлекеттің лауазымды адамдарының, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтауды міндеттейді. Үшіншіден, құқық пен жауапкершілік ұғымдары пара-пар көрсетілген.

Бұл Конс­титуцияда алғашқы Конс­титуцияда шешімін таппаған мем­лекеттің мәні, жері, тілі, аза­маттық, Парламенттің қос палаталы жүйесі, Президенттің құзыры, сот төрелігінің қызметі сияқты күрделі мәселелер заңдылық тұрғысынан өз шешімін тапқан. Соттар мен сот төрелігіне ерекше мән берілген және негізгі қағидаттары белгіленген. Олар: елімізде сот төрелігін тек қана сот жүзеге асырады, оның ісіне араласушылыққа жол берілмейді, сот төрелігін іске асыруда судья тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. 

Қазақстанның құқықтық мем­лекет орнатып, әлемнің өрке­ниетті елдерімен жан-жақты эко­номикалық-саяси тең дәрежеде қарым-қатынас қалыптастырып, ауқымды реформаларды жүзе­ге асыру жұмыстарының барлы­ғы да Ата Заңның аясында атқа­рылды. Солардың қата­рында, еліміздегі тәуелсіз сот пен басқа да құқықтық институттарды құру жұмыстары да болды.

Елімізде заңдарды бұлжытпай орындаудың нәтижесінде халқымыздың бірлігі нығайып, елдегі тұрақтылық пен татулық орнықты. Осылайша бекітілген конституциялық нормалар қо­ғамның өркендеуіне үлес қосып және Қазақстан халқының бір­лігіне жол бастап, өзінің өмір­шеңдігін дәлелдеді. Бұл Конс­титуция – қазақстандық мемле­кеттіліктің тиімді дамуын қам­тамасыз еткен заңның үстемдігі мен сәтті мемлекет саясатының іске асырылуының жарқын көрі­нісі деп айтуға болады.