ТӘУЕЛСІЗДІКПЕН ТҮРЛЕНГЕН ШЫМҚАЛА

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – ұлы мереке. Тәуелсіздік – қазақ халқының басына қонған бағы, барша қазақстандықтардың ең қастерлі құндылығы. Өйткені, біздің қастерлі Отанымыз – Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізу арқылы ғана өз дамуының жаңа дәуіріне қадам басты.
Міне, біз биыл еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күнін отызыншы рет тойлағалы отырмыз. Біз осынау шын мәніндегі жалпыхалықтық мерекені жыл сайын керемет толқынысты сезімдермен қарсы алып, елімізің қол жеткізген ғаламат жетістіктеріне деген зор мақтанышпен атап өтеміз.
«Тау алыстаған сайын биіктей түседі» дегенді дана халқымыз текке айтпаса керек. Жас та жасампаз мемлекетіміздің Тәуелсіздік жылдарындағы табысқа толы шежіресіне көз тастай отырып біз қайта құрудың, өсу мен өркендеудің жолында қаншалық ауқымды жұмыстар атқарылғанын, небір қиындықтарды еңсеріп, қандай асқақ асуларды бағындырғанымызды сергек санамызбен бағамдай аламыз.
Қазақ елінің осынау жылдарда қол жеткізген жетістіктері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен және оның сарабдал саясатымен тікелей байланысты.
Сол табыстардың бірі ретінде Шымкент қаласы халқының 1 миллион адамнан асып, оның республикалық мәртебеге ие болуын атап көрсетуге болады. Елбасы 2018 жылы 19 маусымда тарихи Жарлыққа қол қойып, Шымқала дамудың жаңа дәуіріне қадам басты. Шымкент республикалық мәртебеге ие болған үш жылдың ішінде қала бюджеті 131,2 миллиард теңгеден 481,6 миллиард теңгеге дейін көбейіп, қазына қаржысының 3,7 есе өскені – соның айғағы.

Жас мемлекетті қуатты елге айналдыруға үлес қосып, Шымкент қаласының елдегі үшінші мегаполис атанып, бүгінгідей көркейіп, дамуына еңбек сіңірген бұл азаматтарды «Тәуелсіздік кезеңінің қаһармандары» деп атасақ, артық айтқандық емес.