ЖАҢА АЛФАВИТ ЖЕТІЛДІРІЛДІ

Жаңа қазақ алфавитіне көшу барысында атқарылуға тиісті жұмыс ұшан-теңіз еді, оған уақыт та қажет болды. Қазақстандықтар, оның ішінде жастар латын графикасындағы қазақ алфавитін тез меңгеріп кететіні белгілі еді. Өйткені бүгінде латын графикасы өмірдің барлық салаларында қатысып, әсіресе, күнделікті қолданып жүрген компьютер, телефон, басқа да құрылғылардан жұрттың бәріне таныс, көз үйренген. Дегенмен, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жасау ісінде тіліміз дыбыс жүйесіндегі төл дыбыстар мен өзге тілден енген кірме дыбыстарды жеке-жеке қарастырып, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен жазу барысында туындайтын әртүрлі заңдылықтары ескерілуі тиіс болды. Ал бұл мәселе еліміздің Тіл саласындағы ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдарының бірлесіп көп жұмыс атқаруын қажет етті.

Сонымен бірге, жаңа алфавитті қолданудағы ыңғайлылық, пернетақтада орналастыру, әлемнің кез келген елінен компьютермен теріп жұмыс жасай алуға жарамдылығы да маңызды болғандықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 19 қазанында латын таңбалы жаңа әліпбиімізді жетілдіруді тапсырды.

Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жетілдіру бойынша Мәдениет және спорт министрлігі, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Білім және ғылым министрлігі және басқа да Ұлттық комиссияға мүше орталық, институттар ауқымды жұмыстар атқарды.

Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың латын графикасы негізінде қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында әліпбидің 40-тан астам нұсқасы, сондай-ақ қазақ тілінің емле ережелерінің жобалары мен пернетақтадағы әріптердің орналасу тәртібі қаралды. Білім беру мекемелерінде жетілдірілген әліпби белгілерін жазу және оқу бойынша сауалнама жүргізілді. Қоғамдық пікірді ескеру мақсатында ашық талқылаулар ұйымдастырылды. Жетілдірілген әліпбиде әріп саны – 31, әліпби тек латын әліпбиі базалық жүйесі таңбаларынан құралған. Бұл әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Қазіргі ә(ä), ө(ö), ү(ü), ұ(ū) және ғ(ğ), ш(ş) қазақ әріптері диакритикалық таңбалармен берілген. Әліпбиде халықаралық тәжірибеде қолданыста бар умляут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧), бревис ( ̌) диакритикалық таңбалары қолданылған.

Әліпби қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді. Жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығында жоспарланып отыр.